Артқа

Жұмыстан шығарайын деп жатса не істемек керек?

03 там. 2020
Жұмыстан шығарайын деп жатса не істемек керек?

Көпшілік адамға бұл тақырып жайсыз тиетіні аян. Әсіресе, бір кәсіпорында бірнеше жыл жұмыс істейтін немесе үлкен қалаларға қарағанда жұмыс табу қиын аймақтарда тұратын адамдар үшін бұл нәзік мәселе және басқа да бірқатар себеп бар. Бұл мақалада мен жеке шешімге байланысты емес себептер бойынша жұмыстан босау орын алған жағдайға тап болу қаупі бар адамдардың осы санатына тоқталмақпын.

Өкінішке қарай, жұмыстан босау тақырыбына жұмыс іздеуден гөрі аз көңіл бөлінеді, ал жұмыстан босатылған адамдар бірқатар қиындыққа тап болады және әдетте психологиялық сипатта: аш қалу мен жалпы өмір үшін күрес, қауіпсіздік ахуалдан ажырау. Егер тақырыпты тереңірек қарастырып, Маслоу пирамидасының негізгі қажеттіліктерін ескеретін болсақ, онда бұл тұрақтылық – физиологиялық қажеттіліктер мен қауіпсіздік қажеттілігі.

Адам дайындалмаған, кенеттен келетін өзгерістер жүйкенің жұқаруына, кейде ұзаққа созылатын күйзеліске апарып соғады. Бұл біздің уақытта адамдардың банктер алдында ипотека, кредит, балабақша, бала тәрбиесі және тағы басқа жайттар түріндегі міндеттемелері бар екендігіне байланысты болып отыр және бұл жауапкершілік жүгін шетке ысыра салу әбестік.

Осы орайда не істеу керек? Ең алдымен денсаулықты күтіп, көңіл-күйді түсірмеу, жұмыс берушімен және әріптестермен достық қарым-қатынасты сақтау, уақытша қиындықтарды еңсере білу үшін жұмыстан да абыроймен босаған абзал.

Бірінші ереже.

Қорқыныш, ашуға булығу, ызалану жағдайында ешқандай шешім қабылдамаңыз, бірақ оларды да назардан тыс қалдырмаған ләзім. Кез-келген сезімді бастан кешіріп, салқынқандылықпен өткерген дұрыс. Жағдайды байсалды түрде бағалауға кіріспес бұрын, кем дегенде 15 минут кетеді. Адам баласына қайтадан сабырлы қалыпқа өтіп, ойлана алуы үшін осынша уақыт қажет екен.

Екінші ереже.

Саауатты жоспар қажет. Жағдайды барлық жағынан бағалаңыз.

Сізді қандай жағдайда жұмыстан шығарды? Сізге өтемақы керек пе? Жұмыс беруші сізді бір ай бұрын хабардар етті ме? Бұлардың бәрі маңызды. Жұмыстан босату ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жүргізілуі тиіс. Сондықтан тікелей жетекшіңізбен немесе кадр қызметкерімен сөйлесіп, өз құқықтарыңызды қорғау үшін жұмыстан қай баппен босатып жатқаны туралы нақтылаңыз.

Қызметкерлер қысқарған, лауазым қысқартылған немесе сіздің шешіміңізге байланысты емес басқа да себептер болған жағдайда өз қалауыңыз бойынша өтініш жазуға келіспеңіз. Қандай да бір құжаттарға қол қоймас бұрын, заңгерлермен кеңесіңіз.

Жұмыстан босатудың барлық сұрақтарын шешіп, күні белгіленгеннен кейін, жетекшіңізбен сөйлесіп, егер сізді басқа жұмысқа сұхбаттасуға шақырса, сылтау айтқандай болып көрінбеу үшін керек кезде дереу барып келіп тұратыныңызды келісіп алыңыз.

Үшінші ереже.

Егер сіз бірден жұмыс таба алмасаңыз, қосалқы нұсқаны дайындаңыз. Барлық айлық шығындарыңызды жазып алыңыз және сіз алатын сомадан тиісуге болмайтын қаржыны бөлек қойып қойыңыз. Отбасыңызбен сөйлесіп, олардан қиын шақта қолдау сұраңыз. Шыншыл болыңыз және бәрін өзіңіз ұстап, тұйықталмаңыз. Әдепкі үйреніп қалған қаражатыңызды белгілі бір уақытқа үнемдей тұруға тура келеді.

Төртінші ереже.

Егер сіз қалтаңыздың жұқарғанын және банктерде несиелеріңіз бар екенін уайымдасаңыз, босқа үрейленбеңіз және банк қызметкерлерінен жасырынбаңыз. Бәрін шешуге болады. Проблемалық несиелер бөліміне барып, бөлім басшысымен сөйлесіңіз. Оған жағдайыңыз туралы айтып беріңіз және берешекті өтеуде 3 айға кейінге қалдыруды сұраңыз. Егер сіздің несие тарихыңыз жақсы болса, онда банк сізге мүмкіндік беруден бас тартпайды. Бұл сізге несие төлеуге емес, жұмыс іздеуге барынша назар аударуға жол ашады.

Бесінші және ең маңызды ереже.

Осы кезеңде белсенді болыңыз және жаңа жұмыс табу үшін барлық ресурстар мен әдістерді қолданып бағыңыз. Барлық таныстарыңызды және бұрынғы әріптестеріңізді жұмыс қажет екенін құлағдар етіңіз. Тәуекелге барудан және өзіңізді жаңа кәсіби рөлде сынап көруден қорықпаңыз. Егер сіз оны абыроймен жасасаңыз, жаман немесе лайықсыз жұмыс болмайды.

Сонымен, менің ең сүйікті ұраным: «Түйткілдердің қызығы сол, олар уақытша және бір күні аяқталады».

Сізге сәттілік және жаңа жеңістер тілеймін!

Автор: Эльмира Салимова, мансап бойынша кеңесші, Samruk Qyzmet жобасының менеджері.