Артқа

"Қызметкерлерді жұмысқа алудың ашықтығы бойға сенімділік ұялатады" - "ҚМГ Инжиниринг" қызметкері Samruk Qyzmet туралы

07 жел. 2021
"Қызметкерлерді жұмысқа алудың ашықтығы бойға сенімділік ұялатады" - "ҚМГ Инжиниринг" қызметкері Samruk Qyzmet туралы

Samruk Qyzmet - армандаған жұмысыңды тауып, кәсіби белестерге көтерілуге мүмкіндік беретін платформа. Оған айқын мысал - біздің бүгінгі кейіпкеріміз Темірлан Стабалиевтің оқиғасы.

Әдетте, мектептен енді қанат қаққан оқушылар өз өміріне қажет іс туралы нақты ұстанымға ие емес. Бірақ Темірлан Стабалиевте жағдай басқаша. Оқуды бітірген беті ол мұнайшы мамандығын игергісі келетінін түйсінген. Біріншіден, кейіпкеріміз әрқашан математика мен физиканы зерттеуге ерекше құлшыныс танытса, екіншіден, тиісті сала ол үшін ерекше қызығушылық тудырған. 

Сонымен, Темірлан, мұнай-газ ісі бакалавры дәрежесін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде алған. Мұнымен тоқтап қалмауға шешім қабылдаған және Делфт техникалық университетінде оқуын жалғастырған. Соңғысында оған мұнай инжирингі және геология магистрі дәрежесі берілген. Айта кету керек, бұл оқу орны Нидерландыдағы ең көне білім ошақтарының бірі. 

Біздің кейіпкеріміз Samruk Qyzmet туралы 2019 жылы білген. Қажеттілік болмағандықтан, бірден оның мүмкіндіктеріне қанықпаған. Дегенмен, арада біраз уақыт өткеннен кейін, Темірлан жұмысын ауыстыруды жөн санап, есіне аталмыш ресурс түскенін және белсенді зерделеуге кіріскенін тілге тиек етеді. 

"Samruk Qyzmet - өте сәтті өнім, оны қолдана отырып, кез-келген білім деңгейі мен жұмыс тәжірибесі бар бос жұмыс орнын табуға болады. Маған сайтта өтінімге үн қатқан ізденушілер саны және келесі кезеңге өткендердің көрініп тұратыны ұнады. Қызметкерлерді жұмысқа алудың ашықтығы әрдайым бойға сенім ұялатады", - дейді Темірлан. 

Осы орайда кейіпкеріміз еңбек жолын неге дәл "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС-да жалғастыруға құштар болды деген сауалдың туындайтыны анық. 

"Бос жұмыс орнының сипаттамасында геостатистика, петрофизика, секвенс-стратиграфия, сейсмикалық барлау деректерін түсіндіру сияқты қажетті дағдылардың толық тізімі орналастырылған. Сондықтан өз басымда осы кәсіби құзыреттердің барлығы дерлік бар деп ойладым және үн қаттым. Кейін белгілі болғандай, бекер емес екен. Екі аптадан кейін компания өкілдері менімен хабарласып, осы қызметте болашақ тиімділікті болжау үшін тестілеу тағайындап, ол "ҚМГ Инжиниринг" Ақтау филиалында өтті. Нәтиже жақсы шығып, мені сұхбатқа шақырды, содан соң сарыла тостым. Көптен күткен қоңырау мамыр айының басында шалынып, міне төрт ай бойы Мұнай инжинирингі департаментінің геология және әзірлеу қызметінің инженері ретінде қызмет атқарып келемін. Менің жұмысым ұңғымалардың геофизикалық зерттеулерінің деректерін және сейсмобарлау деректерін талдауға қатысты. Ең қызығы, жынысөзекті іріктеуді қоспағанда, жер қойнауын сипаттаудың барлық әдістері жанама болып табылады. Бірінші айда аға буын әріптестерім маған шағын тренинг өткізді. Қазір де оларға мұқият құлақ асып, жаңа нәрселерді үйренуге тырысудамын. Ең бастысы - жұмысым ләззат сыйлауда", - дейді әңгімелесушіміз. 

"ҚМГ Инжиниринг" ЖШС – кейіпкеріміз өзінің кәсіби тәжірибесін алған алғашқы компания емес, бірақ соның арқасында ол "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының бір бөлігі атанды.